1917 жылы патша үкіметі құлайды, сол кезде Сәкен Ақмолаға келіп, саяси-қоғамдық істерге белсене араласады. «Асығып тез аттандық» (Бостандықты қарсы алу) өлеңінде:

«Басып жатты тәтті ұйқы

Сарыарқаның даласын

Құл ғып жатты қара күн

Қалың қазақ баласын…

Күнге жайып құшақты,

Шақырып бері шаттандық.

Қуантуға ел-жұртты

Асығып тез аттандық… » – деген жолдардан  осы ұлы дүбірге жайбарақат қарамағанын аңғаруға болады.

Жаңадан құрылған қазақ комитетінде біраз жұмыстар атқарып, «Жас қазақ» ұйымын құрып, осында басшылық жасайды. Ақмола өңірінде қазақ тілінде «Тіршілік» атты тұңғыш газет шығарады. Бас редакторы ақмолалық адвокат Рахымжан Дүйсембаев болды.

1917 жылдың желтоқсан айында Ақмолада Совет үкіметі орнап, 1918 жылы ақпан-наурыз айларында бірінші уездік съезде депутаттар кеңесі (Совдеп) құрылып, төрағасы Захар Катченко, орынбасары Бәкен Серікбаев, Нестер Монин, ал Сәкен Сейфуллин уездің оқу-ағарту комиссары болып тағайындалады.

1918 жылдың 1 мамыр күні Ақмолада Сәкеннің «Бақыт жолына» атты драмасы «Жас қазақ» ұйымының күшімен сахнада қойылды.

Кеңес үкіметі Ақмолада көп тұрақтамай 1918 жылы 3-4 маусымда патшашылдар төңкеріс жасап, кеңес үкіметін құлатып, Сәкенді бір топ жолдастарымен тұтқындап, жеті ай бойы Ақмола түрмесіне қамайды. «Қоғам және мемлекет қауіпсіздігіне  қатерлі адам» деген айып тағылып, Петропавл (Қызылжар) түрмесіне айдалады. Петропавл, Семей арқылы Атаман Анненковтың «Азап вагонында» 48 тәулік бойы көптеген қиыншылықтарды басынан кешіп, Омбыдағы тұтқындар лагеріне қамалады.

«Омбы түрмесінен қашқандар сот үкімінсіз ату жазасына кесілсін» деген бұйрыққа қарамастан Сәкен түрмеден қашып шығуға бел буады. Бұл туралы «Тар жол, тайғақ кешу» романынан үзінді баяндасақ, «Ерте тұрып, қар тасушыларды тосып, тысқа бір шығып, бір кіріп жүрдім. Олар келе қоймады. Ауруларға жаңа сүт пісіріп бердім. Отырдым. Күн жылы. Жаздың иісі шығып, көкірекке кіреді. Шырайлы қызыл күн қамауға алтын нұрын шашады. Барақтың күнгей жақтарының  қары жіпсіп ери бастады. Келе жатқан жазды сезіп, жүзі жылынған күнді көріп, жан-жануар шаттанған күйге түскен тәрізді.

Қар тасушылар келді. Жүрек соқты. Көкіректегі шынжырлы арыстан жұлқынды. Барып сөйлесіп, қазір жөнелмек болдым. Баракка кірдім. Ауру жолдастарды көрдім… Ішімнен бәріне қош айтып тұрдым. Кешігіп қалған екенмін, бір жолдас келіп асықтырды. Аурудан сау жолдастармен қоштастым. Тысқа шықтым. Шананы қоршап, күрек ұстаған жолдастар мені күтіп тұр екен. Дереу мен де шанаға жаттым. Жылдам қармен көмді. Етпетімнен жатырмын. Үстіне ауыр кесектерді бастырып салды. Тұс-тұсымнан қамап тұрған жолдастар жалма-жан қалың мұзды, кірлі қармен мені бастырды. Мұзды, кірлі кесек иленіп жатқан қоқым қардың үстіне тақтай салып, кісі басып отырды… «Шүу», деді.  Дүрілдеп шана жөнелді. Мойнымды, шынтақтарымды, белімді қатты езіп барады. Ауыр салмақ сыртымнан нығарлап жаншып барады. Кеудемді қысып тұншықтырды. Бірақ мен көтердім. Шыдадым. Барлық күшімді жинап, жауырыныммен көтеріп, екі қолымды тіреп жаттым. Лагердің үлкен қақпасы сықырлап ашылып, шана дүрілдеп лагерьден шықты…

Қапастан құтылып, жалпы бостандық, теңдікті көру үшін және өшкен үнді қайта тірілту үшін, белімді, мойнымды езген ауырлықтарға шыдадым…» .

Ал осы сәтті З. Катченконың естелігінде: «Қоқым-соқым тиелген арбаға Сәкенді өзім жасырдым. Арбакеш түрме күзетшісінің қасынан өте бергенде Сәкен қозғалса керек, арбадан кесек мұз түсіп қалды. Осыдан ба, күзетші қоқым арасына қылышын сұғып кеп қалғаны. Бақылап тұрған біздің жүрегіміз жарылып кете жаздады…» . Осы кезде С.Сейфуллиннің «Түрмеден қашып шыққанда»,  «Бабаларыма», «Қамыққан көңілге», «Біздің жақта» өлеңдерін жазады:

Шыдамадым қапаста,

Кеңшілікке қаштым.

Көндікпедім матауға,

Асау атша бастым…

Жолдастарының ұйымдастыруымен Дүйсенбі Әсиұлының атына мөр қойылған жалған куәлікпен 1919 жылы наурызда түрмеден қашып шығады.

Омбыда Мұқан және Бәтима Әйтпеновтердің үйіне жасырынады. Бұл жерде ұзақ аялдау қауіпті болғандықтан Татарка-Славгород-Павлодар арқылы Баянауылдағы нағашылары тұратын Балабай ауылына жетіп, маңындағы тауда жасырынады.

Еліне келіп, көп ұзамай анасы туған-туыстарымен қоштасып, Бетпақ дала арқылы Әулиеатаға келеді (Тараз). Ол кезде Әулиеата депутаттар кеңесі төрағасы Қабылбек Сармолдаев еді.

Көп ұзамай Ақмолада Кеңес үкіметі қайта орнайды. 1920 жылы жазғытұрым С.Сейфуллин еліне қайта келіп, уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары, басқару бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.

Ақмоладағы тұрған үйінің макеті Иманов-Республика көшелерінің қиылысында орналасқан. 1970-71 жылдары қаланың жаңа жобасына байланысты құлатылып тасталды.

Алдарыңызда, С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романы. 1927 жылы түп нұсқасы Қызылордада баспадан шыққан. (Арап әрпінде). Романның 1936 жылы екінші басылымы латын графикасымен, кейіннен 1960 – 2004 жылдары баспадан бірнеше шығып, қырғыз, ұйғыр, орыс тілдеріне аударылды.

Кітаптың алғашқы беттерінде Алаш басшылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың суреттерімен қатар роман кейіпкерлері, Алаш азаматтарының суреттері жарияланған.

1920 жылы қазан айында бірінші Бүкілқазақстандық Құрылтай съезінде Қазақ автономиялық Советтік Социалистік Республикасының құрылғаны жарияланды. Алғашқы басшылары В.А.Радус Зенкович – Совнарком төрағасы, Сейітқали Меңдешев – Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды.

С.Сейфуллин – Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланып, оқу комиссарларының орынбасары болып тағайындалады.

1922 жылы қазан айында Кеңестердің III съезінде ҚазАССР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.

1922 жылы мемлекеттік қызметімен қатар шығармашылықпен де айналысты. Республикалық «Еңбекшіл қазақ» қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты редакторы қызметін қатар алып жүрді.

1923 жылы тарихи мәні өте зор «Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзетейік» деп мақала жазып, 1925 жылы «қырғыз» аталып келген қазақ халқы өз атына ие болды.

Сәкен еуропа стилінде киінген (костюмі, аяқ киімі, қол таяғы).