Мәжіліс залы.

Бұл залда жыл сайын ақынның туған күні мен еске алу күні аталып өтеді. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайында конференциялар, мәжілістер мен лекциялар, Сәкен оқулары, Сәкен сабақтары «Сыр сандық» әдеби клубы аясында жүргізіледі.

Алдарыңызда, «Ақсұңқар Сәкен» гобелені. Авторы: Бәтима Зауырбекова. Бұл гобелен 2008 жылы Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық желісі бойынша тоқылған. Сәкен шығармасында табиғат, тазалық, аққу, анасы бейнеленген. Осының бәрін осы гобеленде тамашалауға болады. Сәкеннің балалық және жастық шағымен де осы залда таныса аламыз.

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин 1894 жылдың қазан айының 15-де Ақмола уезіне қарасты Нілді болысында (қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарашілік қыстағында) орта шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасының азан шақырып қойған есімі «Сәдуақас», анасы еркелетіп «Сәкенім» деп атап кеткен.

Әкесі Сейфолла Оспанұлы он саусағынан өнер тамған домбырашы, құсбегі, сауыққой әнші адам болған, ал анасы Жамал Тышанбайқызы ақылына көркі сай, әнгімешіл, ертегілерді жатқа айтатын жан екен.

Сәкеннің ата-бабаларынан қалған мұралар – таза мыстан жасалған Шоң бидің төсбелгісі, атасы Күшікбайдың кісе белбеуі және анасының ұршығы мен шай сауыты.

Сәкен алғаш сауатын ауыл мектебінде Ағашаяқ (шын есімі Бармахамбет Әпебекұлы) деген молдадан арабша хат таниды (XIX ғ.). Он жасынан бастап әкесі Сейфолланың Өспен жеріндегі, Нілді кенішіндегі танысының үйінде жатып орысша хат тани бастайды. 1905 жылы Успен руднигіндегі орыс-қазақ жұмысшыларының ереуілін көріп, дүниетанымы, қоршаған ортаға көзқарасы қалыптасады.  Алғашқы балауса өлеңдері де Өспен топырағында жазылған еді. Осылайша 1906-1908 жылдары Нілді (Успен) руднигі жанындағы орыс-қазақ бастауыш мектебінде білім алады.

С.Сейфуллин 1908 жылы оқуын үздік аяқтап, алғаш рет Ақмолаға келіп, 2 кластық приход мектебінде оқиды, кейін қалалық 3 кластық училищеде оқуын жалғастырады.

Ақмола қаласының көріністері (фото) XX ғ. басы. Қазіргі М.Әуезов көшесі (бұрынғы Булыжная, Центральная және Октябрская көшелері).

Училищеде оқи жүріп, 1912 жылы Ақмолада мұсылман медресесінде қазақ және татар балаларына орыс тілінде сабақ береді. 1913 жылы 21 тамызда Ақмоладағы училищені аяқтап, өз білімін ұштау мақсатында 1913-1916 жылдары аралығында Омбы мұғалімдер семинариясында білім алады. (Омбы семинариясы 1872 жылы ашылды). 1913-16 жылдары С.Сейфуллин білім алған Омбы мұғалімдер семинариясы ғимаратының көрінісі.

1914 жылы Қазан қаласында «Бірлік» ұйымының көмегімен студент Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы басылып шығады. Жинаққа ағартушылық-демократтық бағытта жазылған 16-дан астам өлеңдері кірді.

С.Сейфуллин Омбы мұғалімдер семинариясын 1916 жылы 10 мамырда 22 жасында бітіріп шығып, Ақмола уезі Сілеті-Бұғылы ауылына барып, Ш.Уәлихановтың жиені Сұлтан Абылаевтың үйінде мектеп ашып, сол жерде мұғалімдік қызмет атқарады (қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ахмет төре ауылы)

Суретте: мектеп ашуға көмек көрсеткен Ш.Уәлихановтың туған жиені Сұлтан Абылаев туыстарымен бірге.

 

Сабақ басталғанша ауыл-шаруашылық санақ жұмысымен Ақмола уезінің Шұбыра, Қоржынкөл, Ереймен бойындағы елдерді аралайды. Осы санақ кезінде халық әндерін орындаушы Қабиба Әбденқызы Сағынаевамен танысып, атақты «Әупілдек» әнін жүрек тебіренте орындағанына тәнті болады. Сұлтан Абылаевтың үйінде Ақмола көпесі Ақпар Халфинның қызы Рахима Халфинамен танысады. (1916-1920 жылдардағы жұбайы).